Астанада ломбардқа қарақшылық шабуыл жасаған Өзбекстан азаматы ұсталды

None
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елордадағы алтын бұйымдарды қабылдаумен айналысатын ломбардтардың біріне шабуыл жасаған қарақшы ұсталды.

Бұл туралы бүгін осы оқиғаға қатысты арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Астана қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Оның айтуынша, 5 желтоқсан күні кешкі сағат 17-00 шамасында қалалық Ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығына алтын бұйымдарды иелену мақсатында қаладағы ломбардтардың біріне шабуыл жасалғандығы жөнінде хабар келіп түскен. Мәлімет келіп түсісімен оқиға орнына «Сарыарқа» аудандық ішкі істер басқармасының жедел тобы шыққан.

Тексеру барысында мәлім болғанындай, 5 желтоқсан күні шабуыл жасалған ломбарда 1966 жылы туған К. есімді азаматша отырған. Кешкі сағат 17-00 шамасында ломбардқа 25 жас шамасындағы екі азамат келеді. Олардың біреуі ішке кіріп, екіншісі сыртта қалады. «Ішке кірген азамат сатушыдан "алтын аласыз ба?" деп сұрайды. Бұдан соң ол қалтасынан травматикалық тапаншасын шығарып, қызмет көрсетілетін терезеден сатушының кеудесінің оң жағынан атады. Осы уақытта сатушы ішкі бөлмеге қашып кіреді. Біршама уақыттан соң сатушы қайтып келіп, үстел астында орналасқан дабыл белгісін басып, ішкі бөлмеге қайтып кіріп кеткен. Ломбардтың ішкі кіретін есігі темір болғандықтан, қарақшылар оған кіре алмаған. Алайда қарақшылардың бірі алтын бұйымдар тұрған әйнекті сындырып, олардан бірнеше алтын зат алып үлгереді, қалған алтындар еденге шашылып қалған. Бұдан соң қарақшылар ломбардан қашып кетеді. Ал сатушы ауруханаға жеткізілді»,-деді баспасөз хатшысы.

Осы оқиғадан соң ішкі істер департаментінің жеке құрамы іздеуге түгел жұмылдырылады. Оқиғаға күдікті азаматтарды анықтау үшін аймақтағы барлық дүкендер мен ломбардтар тексеріледі. «Жедел-іздестіру жұмыстарының барысында 14 қаңтар күні 1987 жылы туылған, бұрын сотталған Өзбекстан азаматы ұсталды. Ол Астанада уақытша тұрып жатқан. Тергеу жұмыстарының барысында ол қылмысын мойындаған. Сонымен қатар оның екі сыбайласының аты-жөндері анықталып, қазір олар іздестірілуде», -деді департамент өкілі.