Астанада LRT вагоны оқушылардың патриоттық әнімен тербелді

АСТАНА. KAZINFORM — Астаналық оқушылар Республика күніне орай Tarlan Astana-да ерекше флешмоб ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы № 104 жалпы орта мектептің оқушылары Республика күні қарсаңында «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлігінде «Көк тудың желбірегені», «Атамекен» патриоттық әндерін орындады.

Фото: Астана әкімдігі

Мерекеге орай ұйымдастырылған бастама өскелең ұрпақтың бойында елге деген патриоттық сезімді күшейтуге, ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған.

Фото: Астана әкімдігі

Мектеп директоры Нұртас Құрманғалиұлының айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты — оқушыларға Республика күнінің мәнін түсіндіріп, олардың туған еліне деген мақтанышын нығайту.

Фото: Астана әкімдігі

— Республика күні — елдігімізді айшықтап, егемендігімізді ұлықтайтын ерекше мереке. Осы айтулы күнге орай оқушыларға «Көк тудың желбірегені» әнін орындатып, олардың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік пен туған жерге деген мақтаныш сезімін ұялатуды мақсат еттік. Өйткені тәуелсіз елдің өскелең ұрпағын отансүйгіштікке баулып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелеу — біздің басты міндетіміз, — деді мектеп директоры.

Фото: Астана әкімдігі

Бұдан бұрын Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» жобасының әнұраны таныстырылғанын жазғанбыз.