City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, қазіргі уақытта аталған учаскеде инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мамандар топырақтың құрамы мен қасиеттерін зерттеуде, бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін қажет.
Ведомство өкілдері бұл деректер қажетті техникалық шешімдерді анықтауға және болашақ LRT желісін жобалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін елордада LRT станцияларына бағыттайтын навигациялық көрсеткіштер орнатылған болатын.
Еске салайық, Астанада 29 қыркүйектен бастап жеңіл рельсті көлік жүйелері сынақтан өткізіліп жатыр. Жабдықтар мен инфрақұрылымға жүргізілетін кешенді сынақ кемінде алты айға созылады.
Айта кетелік Президент LRT желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдаған еді.