Астана әкімдігінің мәліметінше, платформа бойынша кезекші лауазымына жоғары білімі бар (мамандыққа қойылатын талаптар жоқ) немесе орта арнаулы білімі бар кандидаттар қарастырылады. Көлік саласындағы жұмыс өтілі кемінде 6 ай болуы тиіс, мемлекеттік және орыс тілдерін білу міндетті, ағылшын тілін білу құпталады.
Міндеттері:
* жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру, жолаушыларға арналған жабдықтардың жұмысын бақылау;
* жолаушылар ағынын реттеу және платформада қоғамдық тәртіпті сақтау.
Кандидаттарға ұсынылады:
* жұмыс беруші есебінен Астана қаласында 1 ай мерзімге оқыту;
* Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ресми жұмысқа орналастыру;
* оқыту кезеңінде – бес күндік жұмыс аптасы;
* жұмысқа қабылданғаннан кейін – ауысымдық жұмыс кестесі.
LRT кассирі лауазымына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары:
* жоғары немесе орта арнаулы білім (бухгалтерия, қаржы, экономика, гуманитарлық бағыттар);
* мамандығы бойынша жұмыс өтілі кемінде 2 жыл;
* «1С: Бухгалтерия» бағдарламасымен жұмыс істеу дағдылары;
* есептілік жасау дағдылары;
* мемлекеттік және орыс тілдерін білу, ағылшын тілін білу құпталады.
Кассирдің міндеттеріне LRT пайдалану қағидаларын, тарифтерді, жеңілдіктер мен жол жүру шарттарын түсіндіру; белгіленген тарифтерге сәйкес автобустарда жол жүруге арналған көлік карталарын сату және толықтыру; кассалық есептілікті жүргізу кіреді.
Айта кетелік Астанадағы LRT биыл сынақтан өткеннен кейін пайдалануға беріледі.