Астанада М.Төлебаевтың «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» операсы қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» шығармасының тұсаукесері 13 наурызда «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Классиктер мен замандастар» атты концертте отандық классиктер Е.Рахмадиевтің, Т.Қажығалиевтің симфониялық музыкалары және қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармалары орындалатын болады», делінген хабарламада.

Ғ.Мүсіреповтің либреттосына жазылған М.Төлебаевтың аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» операсы жас ғашықтардың трагедиялық махаббаты туралы көне аңыз желісінен алынған XIII-XIV ғасырлардағы лиро-эпостық поэмасының желісінде жазылды. Музыкалық кештің бірінші бөлімінде концерттік орындалудағы опера ұсынылатын болады.

Өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, профессор, музыкатанушы, төлебаевтанушы Алтын Кетегенова көптеген жылдар бойы көрнекті қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың шығармашылығын зерттеді. Ол аяқталмаған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» операсын тауып, бүгінгі таңда осы музыканың орындалуына бар күшін салды. Алтын Сәлімқызы ноталарды сақтап, түзетулерін жасап, композиторлардың шығарманың симфоникалық аспаптық орындалуына бастамашылық етті. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор Серік Еркімбеков осы бір қиын дүниені қолға алды. Ол туындыны оркестрлік орындауда автордың анық, әдемі, үйлесімді стилін ұстанды.

«Біз Алтын Сәлімқызына қазақ өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. А.Кетегенованың бастамасы бойынша осы бір ғажайып туынды «Астана Опера» театры Үлкен Залының сахнасында орындалатын болады», - дейді музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Бұдан басқа, концерттің бірінші бөлімінде үлкен өнерді бағалаушыларға «Астана Опера» симфониялық оркестрінің асқан шеберлігімен орындалатын, жақында ғана Мариин театрында гастрольдік сапарда болып, петербургтік қауымның зор ықыласына ие болған «Дала аңызы» аяқталмаған балетінен сюита көрсетілетін болады.

Кештің екінші бөлімінде қазіргі замандастарымыздың шығармалары шырқалатын болады: Балнұр Қыдырбек, Ақтоты Райымқұлова, Серік Еркімбеков, Серікжан Әбдінұров, Абзал Мұхитдинов, Рахат-Би Әбдісағин және т.б.

«Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» операсындағы партияларды дарынды вокалистер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев және Жан Тапин, халықаралық байқаулардың лауреаты Мәдина Исламова, Болат Есімханов, Рамзат Балакишиев, «Астана Опера» симфониялық оркестрі және хоры орындайтын болады, дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.