Бүгін қоғамдық кеңес мүшелері қорытынды мәжілістің алдында соңғы 8 жыл ішінде «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында қол жеткізілген жетістіктерге арналған көрмені тамашалады.
Қоғамдық кеңестің мәжілісіне кеңес мүшелерімен қатар Парламент депутаттары мен ақын-жазушылар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, министрлер мен ведомство басшылары қатысуда. Бүгін осы отырыс барысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, 8 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының жетістіктеріне тоқталған Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың айтуынша, аталмыш бағдарламаның қорытынды отырысын өткізудің мәні зор.
«Жаһандық қаржылық дағдарыстарға, мемлекетті қалыптастыру жолындағы қиын-қыстау жылдарға қарамастан, халықтың рухани дамуы мен тарихи санасын жаңғырту ісі Елбасының ұдайы қамқорлығы мен назарында болды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қоғамдық-саяси дамуындағы табыстармен қатар халықтың мәдени өрлеуі мен рухани жаңғыруындағы жетістіктер шын мәнінде мақтан тұтуға лайық»,-деп атап көрсетті Мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ жиын барысында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған шаралардың қорытындысынан деректер келтірілді. Бағдарлама жүзеге асырылған 2004-2011 жылдар аралығында елде 93 тарихи және мәдени нысандар жөнделіп, оның 73-і толық жөндеуден өткен. Осы уақыт аралығында мазмұнымен және полиграфиялық сапасымен ерекшеленетін ондаған кітаптар жарық көрген. Мәдени және тарихи ескерткіштер аймағында 37 археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 33 қолданбалы зерттеулер жасалған. Бұған қоса алыс және жақын шет мемлекеттердің мұрағаттарынан халқымыздың тарихы, этнографиясы, және өнеріне қатысты 5 мыңға жуық қолжазбалар әкелінген.