Астанада мамандар тазының шапшаңдығын, төбеттің батылдығын бағалады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысы, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында қазақ тазысы мен асыл тұқымды қазақы төбеттердің бірінші республикалық көрмесі мен байқауы өтті. Игі шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған.

Қазақтың тазысы мен төбеттерінің асыл тұқымын сақтау, оларды насихаттау мақсатында өткізілетін осы ауқымды іс-шараны «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қоғамдастығы Ақмола облыстық әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Қазақ тазысы мен асылтұқымды қазақы төбеттердің бірінші республикалық көрмесіне Қазақстанның барлық өңірінен 40 тазы, 20 төбет әкелінген. Аңшылық кезінде тазылар аңды қуып жүріп ұстайтындықтан, олар сағатына 90 км шапшаңдықпен жүгіретін болған. Адамдар тазыларды қоян мен түлкіге, кейде қасқырға да салады. Бірақ қасқыр иттен өктем келтіндіктен, иттердің бәрі бірдей қасқырға шаба бермеген. Мұндайда көбінде «ұялас» бөрібасар, төбеттер қасқырға батыл шабатын болған. Сол үшін азулы төбеттерді, күшті тазыларды қасқыр алуға арнайы баулиды екен. Бүгінгі байқауда міне, осындай нағыз төбеттердің батылдығын қасқырға салып сынаса, тазылардың жүйріктігін 250 метрге жүгірткізіп бағалады. «Біз биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған үлкен дүбірлі тойды атап өтіп жатырмыз. Тойдың қамтыйтын ауқымы да анағұрлым кең. Қазақ ұлтының өткен тарихы мен дәстүрлі мәдениетінде орны бар барлық құндылықтарымызды осы тойда көрсетуіміз керек. Міне, солардың бірі қазақтың тұрмыс салтында көрініс тапқан, аңшылықта, мал бағуда кеңінен пайдаланған жүйірік, алғыр тазылар мен қотанды күзететін дәу төбеттердің орны ерекше деп ойлаймын. Бұрынғы хандарымыз да саятшылыққа осы тазыларды ертіп шыққан ғой. Бүгінгі күні сол аталарымыз жеті қазынаның біріне жатқызған қазақы иттердің санының сиреп бара жатуы, барының өзі басқа тұқымдағы иттермен будандасып қанын бұзып, өзгеріп жатуы бізді ойландыруы керек. Алдағы уақыттарда бұл иттердің санын молайтып, таза қанды төбеттер мен тазыларды анықтап шығу үшін обылыстарда осы сияқты байқауларды жалғасты ұйымдастыратын боламыз», - дейді «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов. Бақытжол Кәкеш