Астанада «Мәңгілік ел мұраты және Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналған «Мәңгілік ел мұраты және Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жоңғар шапқыншылығы тұсында қол бастаған, қазақтың атақты батырларының бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлының тарихтағы ерлік іздерімен, үнегелі өмірін зерделеген ғылыми конференция сөзін Ақұштап Бақтыкереева жазған, Жоламан Тұрсынбаевтың «Ер Жәнібек-ұраным!» әнімен ашылды.

Халықаралық деңгейде өтіп отырған конференцияға қазақстандық және шетелден келген қонақтар мен ғалымдар қатысты.

Жиын басында Прарламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің осы алқалы бас қосуға арналған арнайы құттықтаулары оқылды.

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, филология ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсын Жұртбай, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Шәміс Құмарұлы сынды жазушылар мен зерттеушілер қазақ жерiн Жоңғар шапқыншылығынан қорғау жолында ерен ерлік көрсеткен баһадүр батыр Ер Жәнібектің ұлағатты өмір жолы мен 18 ғасырдағы тарихи кезең жайлы ғылыми негізделген баяндамаларын ортаға салды.