Астанада Маңғыстау облысының креативті жәрмеңкесі өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq жобасы аясында «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты екі күндік жәрмеңке басталды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Елордаға Маңғыстау облысынан креативті индустрияның 40 өкілі келді. Олар өңірдің мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін танытатын сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, дизайнерлік киім топтамаларын және авторлық жобаларын көпшілікке ұсынды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алғашқы күні «Түп төркінің төрге оздырған Маңғыстау» көрмесі өтіп, «Ақшағыл» ансамблі өнер көрсетті. Мәдени бағдарлама «Дүние дидарындағы дәстүр» сән көрсетілімімен, «Менің әлемім» музыкалық-поэзиялық қойылымымен жалғасты. Сондай-ақ Тамара Асар ән шырқап, «Жорға» би ансамблінің өнерпаздары би биледі. Тақырыптық шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, жәрмеңке өңірлердегі шығармашылық жобаларды танытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және креативті кәсіп иелерінің өнімдерін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

1 қарашада, «Бабаның көзі, жаңаның өзі» сән көрсетілімі, «Домбыра сазы» ансамблінің концерті, дәстүрлі музыка кеші және «Тамыр. Әуен. Рух» концерті өтеді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жәрмеңке Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайындағы Qazaq Creative Hub орталығында өтіп жатыр.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, Астанада 31 қазан күні Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі