Астанада мас көлік жүргізушінің кесірінен 10 жасар қыз қыршын кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мас жүргізушісінің кесірінен 10 жасар қыз мерт болды. Көлік апаты бүгін таңғы сегіздер шамасында болған, деп хабарлады елорданың ІІД баспасөз қызметінен.

«Аталған оқиға Желтоқсан көшесі мен Абай даңғылының қиылысында орын алған. Инкассаторлық машинаның жүргізушісі бағдаршамның рұқсат етілмеген белгісіне шығып, Toyota RAV 4 автокөлігімен соғылды. ЖКО салдарынан оқиға орнында Toyota RAV 4 көлігінің артқы жолаушылар орнында отырған 10 жасар қыз мерт болды», - деп хабарлады баспасөз қызметінен. Қазір жүргізушіден жауап алынуда. ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар жүргізілуде.