Астанада мас күйінде көлік жүргізген 40 азаматқа үкім шығып, 1 адамға іздеу жарияланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Астана қаласында көлікті мас күйінде жүргізген 69 азамат ұсталған. Бұл туралы бүгін Астана қалалық прокуратурасында өткен брифингте қалалық прокурор көмекшісі, 2-ші басқарма басшысы Руслан Айтымов мәлім етті.

Оның айтуынша, көлікті мас күйінде жүргізу фактілері бойынша 40 азаматқа қатысты үкім шығып, бір адамға іздеу жарияланған. Сонымен қатар, аталған фактілер бойынша бюджетке 3 млн 240 мың 570 теңге өндірілді.

«Атап өтерлік жайт, бұрын мас күйінде көлік жүргізген азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 467 және 475-баптары бойынша жазаға тартылатын. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап мас күйінде көлік жүргізу қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Яғни, мас күйінде көлік жүргізу әкімшілік жауапкершілік сатысынан қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды», - деді Р.Айтымов.

Оның түсіндіруіне қарағанда, ендігі күні көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, сонымен қатар, мас күйінде немесе есірткі пайдаланып көлік жүргізген азаматтар үш жыл мерзімге белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан шектеледі және 90 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.