Астанада мас күйінде рөлге отырған 30 жүргізуші ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі «Мас жүргізуші - қылмыскер» атты жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара мақсаты - жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жол қозғалысы ережелерінің апаттылық деңгейіне тікелей әсер ететін заңбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету. Науқан барысында көлікті мас күйінде жүргізетін тұлғаларды анықтау үшін адам көп жүретін аумақтарда және демалыс орындарында, ойын-сауық мекемелері мен басқа да қоғамдық орындарда патрульдеу ұйымдастырылды.

«Жедел алдын алу іс-шарасының 3 күндік қорытындысы бойынша, 250-ден астам құқықбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде, 30 жүргізушінің көлік құралын масаң күйде жүргізгені белгілі болды. 70-ке жуық жүргізуші жол белгiлерiмен көрсетiлген талаптарды сақтамаған, 100-ден астам астаналық көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған. 15 шақты жүргізуші көлікті тиісті құжатсыз басқарған» делінген хабарламада.