Қазіргі уақытта дезинсекциялық шаралардың төртінші кезеңі жалғасып жатыр. Оның аясында 10 мың гектар аумақ өңделді.
Өңдеу жұмысы қаланың орталығынан басталып, шет аймақтарға қарай ығыстыру әдісімен жүргізіледі. Сонымен қатар қорғаныс белдеуі қалыптастырылады.
Бұл жұмыс күн сайын сағат 21:00-ден 05:00-ге дейін жүргізіледі. Әр кезең ай сайын 20 күнге созылады. Жалпы алты кезең өткізу жоспарланған.
— Масалар экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толықтай жою көзделмейді. Алайда жүргізіліп жатқан шаралар олардың санын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Дезинсекциялық жұмыс жүргізу үшін механикалық роторлы бүріккіштер, арнайы дезинсекциялық көліктер, қамыс өскен жетуі қиын тұстарды өңдеуге арналған дрондар, сондай-ақ ірі су айдындарында арнайы жабдықталған қайық пайдаланылады.
Ауқымды жұмысқа арнайы дайындықтан өткен және қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқамадан өткен 150-ден астам дезинфектор жұмылдырылған.
Сонымен қатар әкімдік тұрғын үй қорына қызмет көрсететін басқарушы компаниялар, ПИК, МИБ, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құрылыс нысандары, базарлар, сауда үйлері және басқа да ұйымдарға жертөлелерді құрғатып, абаттандыру жүргізіп, оларды дезинсекциялық өңдеуден өткізуді ұсынды.
Дезинсекциялық жұмыс кезінде тұрғындар мынадай сақтық шараларын сақтауы қажет:
- өңдеу жүргізіліп жатқан аумақтарға бармау;
- өңдеу жұмысы кезінде терезелерді жауып қою.
Еске салайық, бұған дейін Астанада масаларға қарсы күрестің үшінші кезеңі өткенін хабарлағанбыз.