Астанада Массмедиа және коммуникация институтын ашу керек - А. Смайыл

АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Елордада Массмедиа және коммуникация институтын ашу керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.

Сауал барысында депутат елімізде БАҚ және кино салаларындағы кадр даярлау мәселесіне тоқтала келе, кәсіби журналистер даярлау мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

«Халықаралық тәжірибеге жетік тележурналистердің жоқтығынан шетелдер телерадио корпорацияларымен шығармашылық байланыс орнатылмай отыр. Біз олармен саяси, мәдени-рухани тақырыптарда сүбелі жобаларды бірге жасай алар едік. Аталған олқылықтардың орны толмай, «Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасының жобасында қарастырылған мақсаттарды жүзеге асыру мүмкін емес. Қыруар қаржы бөлініп енгізіліп жатқан «Сандық телевидениенің» мүмкіндіктерін де толық пайдалана алмаймыз», - дейді депутат. Оның айтуынша, мемлекеттік ақпаратттық саясат саласында кемшіліктер жетерлік. «Ал басты олқылық - еліміздің жоғарғы оқу орындарындағы журналистика факультеттері оқу бағдарламаларының ескіруі. Олардың ғылыми-техникалық базасы жұтаң. Бұл жүйе заманға өте баяу бейімделуде. Сондықтан жекелеген оқу орындарындағы факультеттерді оңтайландыру арқылы Астанада барлық жағынан қамтамасыз етілген, шетелдердің аталған саладағы жетекші оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Массмедиа және коммуникация институтын ашу керек. Ақпараттың ұлт пен мемлекеттің өміріндегі қазіргі және ертеңгі айрықша ықпалын ескере отырып осылай жасауға тиіспіз. Бұл институтты Вашингтондағы ғаламға мәшһүр «Телевидение және радиохабарларын тарату Академиясы» немесе Нью-Иорктегі теле және радио өнері факультеті үлгісінде ұйымдастыра алар едік», - дейді депутат А. Смайыл.