Астанада маусым айында 19 тұрғын үйге күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы Астанада ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру аясында 19 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған, деп хабарлайды әкімдік баспасөз қызметінен.

Оның 9-ы - «Алматы» ауданына тиесілі, «Сарыарқа» ауданында - 10 тұрғын үй жоспарға енген. Бұл туралы Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметіне Қала өмірі тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бөлімі мәлімдеді.

Қазіргі таңда барлық тұрғын үй кешендері тұрғындарымен ортақ жиын өткізілген. Техникалық сараптау актілері жасалынып, жобалық-сметалық құжаттар бекітілді.

Сонымен қатар, «Өркен қала» ЖШС бағдарламасына сәйкес пәтер иелерінің қайтарымды қаржысына Бөгенбай батыр көшесіндегі 21, 21-а және Т.Бигельдинов көшесіндегі 50-ші, Қ.Рысқұлбеков көшесіндегі 7-ші тұрғын үйдегі жолаушылар лифтінің құрал-жабдықтарын ауыстыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, коммуналды жүйелерді жаңғыртуға, тұрғын үйлердің жылу-техникалық сипатын жақсартуға және тиімді меншік иесін қалыптастыруға бағытталған ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы Астанада 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама бойынша қайтарымсыз негізде пайызсыз мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетіледі. Яғни пәтер иелері «Астана - БЕО» ЖШС арқылы ай сайынғы төлемдерін жүзеге асырады. Тұрғындарға қайтарылған қаржыны мамандандырылған ұйым «Өркен қала» ЖШС басқа нысандарды жөндеуге пайдаланады.