Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Фейсбуктегі парақшасында #біздіңтұрғындар атты хештегпен жұмысшы мамандығын меңгерген аудан тұрғындары туралы жазбалар жаза бастады. Оның алғашқы кейіпкері - дөңгелек ауыстыратын маман Инна Шкрябова.
«Біздің өміріміз дәл осындай жұмысшы мамандардың арқасында мәнді. Бір жағдай болса, бірден сантехникке, ағаш ұстасына, жүргізушіге жүгінеміз. Ал қыс жақындағанда дөңгелек ауыстыратын білікті мамандар өте қат. Қазіргі жастар медиакеңістік таңып берген қатып қалған қағидалар бойынша өмір сүреді. Интернет, ТВ және баспасөз бізге табысты бизнесмендер, банкирлер, мұнайшылар мен заңгерлердің жетістікке жету жолы туралы жиі айтады. Костюм киген іскер адамның бейнесі бала кезден табысты әрі бақытты адам ретінде жадымызда жатталып қалған. Бірақ адам өзіне керек бақытты мүлде басқа жақтан табуы мүмкін ғой. Біздің кейіпкерлер сүйікті мамандығы және оны қалай тапқаны жөнінде әңгімелейді», - деп жазады Арман Тұрлыбек.
Инна Шкрябова Астанада туып-өскен. Екі ұл тәрбиелеп отыр. Өзінің айтуынша, ол кішкентай кезінен көлік атаулыға құмар. Бала шақта әкесіне көлік жөндеуге жиі көмектесетін.
«Иннаның негізгі мамандығы - медқызметкер. Ол мамандығы бойынша да, басқа салаларда да қызмет атқарған. Бірақ оның сүйікті ісі ол емес еді. Шебер қолдар басқа нәрсемен айналысқысы келді. Сөйтіп Инна өзі сүйетін кәсіпті ақыры тапты және қазір соны мақтан етеді», - деп жазады Сарыарқа ауданының әкімі.