Астанада медиа заңнаманың өзекті мәселелеріне арналған алқалы басқосу өтеді

АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада тамыздың 11-12 күндері «Медиа заңнаманың көкейкесті мәселелері: бағалау, болжам, келешек» деген тақырыпта дөңгелек үстел жиыны өтеді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл шараны Қазақстандағы Еуропа одағының қаржылай қолдауымен Қазақстан газет шығарушылар қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Оған халықаралық және ұлттық құқық қорғау институттарының, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері мен Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Украина және тағы басқа да бірқатар Еуропа елдерінің медиа-сарапшылары қатыспақ. Онда - Конституцияда кепілдендірілген сөз, шығармашылық және ақпарат еркіндігін қамтамасыз ету мен жүзеге асыру; БАҚ туралы заңнаманы бұзған журналистер мен БАҚ-тың жауапкершілігі мәселелері; Ақпарат еркіндігі сөз бен шығармашылық еркіндігінің бөлінбес бөлшегі ретінде; Интернет-ресурстарды құқықтық реттеу; Баспа қызметін құқықтық реттеу және тағы басқа да бірқатар мәселелер жан-жақты талқыға түседі деп жоспарлануда.