Астанада медициналық терминдерді біріздендіру мәселелерінпе қатысты республикалық дөңгелек үстел өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, 2015 жылғы 12 маусымда «Медициналық терминдерді біріздендірудің нормативтік-лингвистикалық негіздері» атты республикалық дөңгелек үстел өткізеді.

Бұл туралы Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мақсат-міндеттердің бірі терминологиялық лексиканы біріздендіру, қазақ терминдерінің реттелген қорын қалыптастыру болып табылады. Терминологиялық қорды жетілдіру салалық терминдердің сапасын арттырумен, сондай-ақ терминтану мен терминография жөніндегі арнайы жұмыстарды жандандырумен тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда медицина саласының терминдерін жүйелеуге жаңа талаптарды әзірлеу, терминдерді біріздендіру, оларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес ретке келтіруге қатысты мәселелер туындап отыр.

Осы ретте медициналық терминологиядағы қордаланған мәселелерді талқылау мақсатында іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, тіл және медицина саласының ғалымдары, орталық атқарушы органдардағы тіл саласына жауапты құрылымдардың басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері және т.б. шақырылып отыр.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша шешімдер қабылданып, тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелерге ұсыныстар берілетін болады.