Астанада мектеп оқушылары арасында «Көшбасшы-2014» байқауы өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Тұңғыш Президентi күнiне орай мектеп оқушылары арасында "Көшбасшы-2014" байқауы өтуде.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізіп отырған зияткерлiк сайысқа қаланың 10-11-сыныпта оқитын оқушылары қатысуда.

"Бұл байқау осыдан үш жыл бұрын алаш рет өткізілген. Алғашқы шараның қатысушылары сол кезде Ақордада Қазақстан Президентiнiң қабылдауында болды. "Көшбасшы-2013" жеңiмпазы Англияда 1 айлық оқудан өтуге мүмкiндiк алды. Биылғы байқауға қаланың барлық мектептерiнен оқушылар қатысуда. Бұның алдындағы кезеңде 75 қатысушы болса, бүгiнгi ақтық сында 15 оқушы бақтарын сынайды", - дейдi «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева.

Ақыл мен парасат, көшбасшылық пен зеректiлiк таразыға салынатын байқаудың шарттары жеңiл емес. Жыл сайын өткiзiлетiн байқаудың биылғы тақырыбы Ұлы Отан соғысына арналып отыр.

"Бiрiншiден, "Көшбасшы-2014" жеңiмпазы мемлекеттiк тiлдi бiлуi тиiс, орыс және ағылшын тiлдерiне де жетiк болуы шарт. Қазақстан тарихын да өте жақсы меңгеруi мiндеттi. Мемлекет Басшысының көптеген еңбектерi пен Жолдауларын оқыған болуы тиiс. Сонымен қатар, биыл "Артымызда Мәскеу" шығармасынан сұрақтар қойылады. Әртүрлi ғылымдардан сауалдар болады. Жалпы бiлiм беру бағдарламасынан, сондай-ақ шахмат, спорт, музыкадан сайысулары шарт. Бұл баланың парасаттылығын, зейiнiн, спортқа деген бейiмдiлiгiн, музыкадан хабарын, көшбасшылығын анықтайтын дода. Оқушы көп. Солардың iшiнен ең мықтысын таңдаймыз", - деп атап өттi Шолпан Қирабаева.