Астанада мектеп жасындағы оқушылардың саны 125 мың баладан асты - Э.Суханбердиева

АСТАНА.ҚазАқпарат - Биылғы оқу жылында елорда мектептерi 125 мыңнан аса оқушыға бiлiм бередi. Бұл туралы бүгiн тамыз конференциясы барысында Астана қалалық бiлiм беру басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева мәлiм еттi.

"2015-2016 оқу жылдарында Астана қаласында мектепке баратын оқушылардың саны - 125 мың бала. 2014-2015 оқу жылында 105 мың оқушы оқыған, биыл мiне 20 мың балаға толығып отыр",-дейдi бiлiм басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, Астанаға қоныс аударып жатқан отбасылар көп, сондықтан, әр жаз сайын елорда мектептерi өзге аймақтардан келген 5 мыңға жуық оқушыны қабылдайды.

"5 мың оқушы дегенiмiз - екi ауысымда бiлiм беретiн үш мектеп. Яғни, жыл сайын Астана қаласында жаңа үш мектеп салып отыру керек деген сөз. 2015-2016 оқу жылдарына арнап үш мектеп салынды. Астана қаласындағы мектептердiң барлығы оқулықпен толықтай қамтылған",-дедi ол.