Астанада мектепаралық, мұражайаралық регата жобасының жеңімпазы белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық Т. Айбергенов атындағы №16 орта мектебі ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің ұйымдастырылуымен өткен мектепаралық, мұражайаралық регата жобасында бас жүлдені жеңіп алды.

Конкурс Астана қаласының Білім басқармасы мен ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері қолбасшысының басқармасы көмегімен өткізілген болатын.

«Мектепаралық, мұражайаралық регата жобасы - Астана қаласы білім мекемелері оқушыларының арнайы бағдарлар бойынша «беймәлім аралдар» - 13 мұражайды аралау үшін ұйымдастырылған ұзақмерзімді серіктестік жобасы. Ойын-саяхаттың шарты бойы ҚР Тұңғыш Президенті Музейі аталған «аралдарды» біріктіретін «Архипелаг», ал аралдардың жетекшілері өздерінің экспозициялық материалдары негізінде тақырыптық ойын «бағдарламаларын» қалыптастырды», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Каипова.

Оның айтуынша, «Теңіз саяхаты» ойынының мақсаты Астана қаласындағы мектептердің музейлерін аралауға, қазақстандық қоғамның дамуына зор үлес қосқан атақты адамдардың туған жері, өмірі мен қызметі туралы ақпарат алу. Ұйымдастырушылардың ойластыруы бойынша серіктестік жобасын жүзеге асырудағы күтілетін нәтиже - музей жинағы, мұрағаттық құжаттар арқылы оқушылардыңтарихи ой-санасын қалыптастыру, оқушылардың елдің жаңа тарихын зерттеуге қызығушылығын арттыру, білім мекемелерінде музей жұмысын жандандыру.

«Саяхат-ойын 2 кезең бойынша өтті. 1-кезеңнің бағдарламасы 2014 жылдың ақпан, наурыз, сәуір айларында 3 тақырыптық бағдар бойынша өткізілді. Регата қатысушылары 1-кезеңнің қорытындысы бойынша «Алжир» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды музей-кешенін аралады», - дейді Б. Каипова.

Регатаның 1-кезеңінен сүрінбей өткен командалар «Архипелагқа» шақырылып, онда орналасқан нысындарды зерттеп, сөзжұмбақтар шешіп, логикалық тапсырмаларды орындап, интеллектуалдық викториналардың сауалдарына жауап беріп, түрлі сынақтардан өтті.

Барлық тапсырмаларды өте жақсы орындаған, «Архипелагтағы» құпия жерді тапқан және онда жасырылған жұмбақ жәдігерге дұрыс түсініктеме берген 16-мектептің экипажы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің ауыспалы кубогін қанжығасына байлады.