Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алатын кезекті адамдар тізімі анықталды

АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңа жыл алдында жарияланған 2008-2010 жылдардағы Мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау жүргізіліп жатыр,

деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар тұрғын үй комиссиясы осы мемлекеттік бағдарламаның алғашқы санаты аясында салынып біткен пәтерлерді үлестірді.

2011 жылдың алғашқы жұмыс күндерінде комиссия мүшелері «балалары бар жас отбасылар», «мемлекеттік қызметкерлер», «мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері» мен «мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын, бірақ мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер» санаттары бойынша іріктеуден өткен 180 азаматқа үй беру туралы шешім қабылдады. Олардың аты-жөндері елорда әкімдігінің ресми сайтында жария етілді. Олар келісімшарт жасау үшін тұрғын үй басқармасына шақырылатын болады.

Баспасөз қызметтің мәліметінше, қалған үйлерді пайдалануға беру ары қарай жалғасуда және баспана салынып біткен кезде тұрғын үй комиссиясының кезекті отырысы өтеді. Отырыс қорытындысы жайлы қосымша ақпарат таратылады.

«Сондықтан тізім ішінде бүгін өз аты-жөндерін таба алмаған тұлғаларға қосымша шара қолданудың, тұрғын үй басқармасына барудың қажеті жоқ. Жаңа үй алатындар туралы кезекті ақпарат біздің сайтымыз бен қалалық БАҚ-тарда жарық көретін болады», - деп атап өтті баспасөз қызметі.