Астанада мемлекеттік бағдарламалар қатысушылары үшін пәтерлер бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 қыркүйекте Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына (2-кезең) қатысушылар үшін хабарлама жарияланды.

Тұрғын үй комиссиясының 2015 жылғы 1 және 31 шілдедегі шешімімен Сарайшық көшесінің оң жағындағы көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінен (Жұмабаев көшесінің шығысында Лот 2 (Лот 6,7,9,10,11) және Н. Тілендиев даңғылының оң жағындағы, Сарыбұлақ арнасының бойындағы тұрғын үй кешендерінен 5, 18 лоттар (пәтерлер) бөлінді.

Тұрғын үйлерді бөлу бойынша тізімдер бұған дейін Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының сайтында жарияланған болатын.

2015 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша 441 адам сатып алу-сату шарттарын жасаған жоқ (тізім мына жерде ).

Тізімде көрсетілген азаматтарға 2015 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі мерзімде шұғыл түрде Астана қаласы Сейфуллин көшесі, № 30 үй мекенжайында орналасқан Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының 11 кабинетіне сатып алу-сату шарттарын жасау үшін келу қажеттігін хабарлаймыз.

Белгіленген мерзімде сатып алу-сату шарттары жасалмаған жағдайда оларды тұрғын үй алушылар тізімінен шығару туралы мәселе қаралатын болады.