Конкурстың шарттары бойынша, қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары өздерінің жеке парақшаларында АЭФ-ке не үшін барғылары келетіндіктері туралы мәтіндік жазбалар немесе форумның ресми хештегтері қойылған бейнероликтер жариялады.
«Ұйымдастырушылар әлеуметтік желі қолданушылары арасында конкурс ұйымдастыруға бастамашылық етті. Конкурсқа қатысушылар әлеуметтік желідегі парақшаларына #менАЭФ-2018-гебарамын хештегімен жазбалар жариялады. Мемлекет басшысы жыл сайын әлемдегі, Қазақстандағы процесстерге бей-жай қарамайтын жастарға ерекше көңіл бөліп келеді», - деді АЭФ ұйымдастыру комитетінің өкілі Динара Жолдаспаева.
Сондай-ақ, ол қазылар алқасының жұмыстардың ішінен ең қызықты, ерекше бес жұмысты таңдап алғанын атап өтті. Айта кетейік, қазылар алқасының құрамына АЭФ ұйымдастыру комитетінің өкілі Динара Жолдаспаева, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, блогер Ғалым Байтук кірген.
Конкурста Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің студенті Айгерім Тасболат (Алматы), Жас Отан жастар қанатының өкілі Айгерім Серікжанова (Астана), Мирас университетінің студенті Сонар Ержан (ОҚО), PHD докторы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің мұғалімі Шайхислам Лайсханов (Алматы), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Надира Сырлыбаева (ОҚО) жеңімпаз атанды.
Олар АЭФ-2018-ге тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды.