Бұл туралы «Болашақ» қауымдастығының баспасөз қызметінен хабарлады.
Іс-шараны «Нұр Отан» партиясының, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының, ҚР БҒМ балалар құқықтарын қорғау комитетінің қолдауымен «Болашақ» қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Байқау серіктестері - «ЮНЕСКО» балалар көркем өнер мектеп-клубы, Radisson Hotel Astana қонақ үйі, «Ажар» ССО.
Байқау балалар үйлерінің, интернаттық мекемелердің, арнайы коррекциялық мектептердің дарынды тәрбиеленушілерін анықтап, оларға қолдау көрсетуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұған 11-16 жас аралығындағы балалар қатысты. Республика бойынша 72 балалар әлеуметтік мекемесінен 300-ден астам жұмыс келіп түсті. Олардың арасында көркем суреттер мен түрлі әдістермен жасалған сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары бар.
11-13 жас аралығындағы санатта бірінші орынға Талдықорған қаласындағы есту қабілеті төмен және саңырау балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының өкілі Бақытбек Балғын және Ақтөбе облысының есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының өкілі Жұлдызай Қанкелді ие болды. 14-16 жас аралығындағы санатта бірінші орынды Зыряновск қаласының есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 коррекциялық мектеп-интернатының өкілі Владимир Ожогин мен Тараз қаласындағы Қ. Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Бақытжан Әліпбаев еншіледі.
«Биылғы өнер сайысы бұқаралық сипатқа ие. Еліміздің барлық өңірлеріндегі 72 балалар үйінен 335 жұмыстың түскені бізді ерекше қуантады. Бұл біз үшін ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, байқауға қатысқан мүмкіндіктері шектеулі дарынды балалардың саны да өсіп отыр. Байқаудың ақтық кезеңіне биыл мүмкіндігі шектеулі алты бала қатысты. Біздің мақсатымыз - мұндай балалар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру. Биыл дарынды жастарға қолдау көрсету бағдарламасының шеңберінде біздің Қор байқауға қатысқан балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға көмек көрсетеді. Бағдарламаның бағыттарының бірі - балалардың кәсіби өсуі, байқау қорытындыларына сай балалар шығармашылық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсу үшін әйгілі суретшілердің мінездемелеріне ие болады. Шығармашылық байқауларды өткізетін барлық азаматтарға балалар үйлеріндегі, интернаттардағы, арнайы коррекциялық мектептердегі жас өскіндердің мұндай іс-шаралардан қалыс қалмауының маңыздылығын жеткізгім келеді. Олардың арасында дарындылар баршылық, біздің байқауға жыл сайын түсетін, әлемге деген нәзік махаббатпен жасалған жұмыстар бұған дәлел. Балалардың шығармашылық әлеуетінің қоғам тарапынан қолдау тапқанын көргіміз келеді», - дейді «Болашақ» қайырымдылық қорының директоры Динара Шәйжүнісова.
Марапаттау рәсімі өткізілген күні «Ажар» сауда-сауық орталығында байқау қатысушыларының көркем жұмыстарының жәрмеңке-көрмесі ашылды. Келушілер жас дарындардың суреттерін немесе шығармашылық бұйымдарын сатып ала алады. Көрмеден түске қаражат жұмыс авторларына сыйлықтар сатып алуға жұмсалады.
Еске сала кетер жайт, байқау VI Қысқы қайырымдылық балынан түскен қаражат есебінен өткізілді.