Астанада «Мен және менің полицейім» акциясы өткізілді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 30-31 қазанда Астана қаласының тәртіп сақшылары халық пен полиция арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін «Мен және менің полицейім» акциясын өткізді. Оған түрлі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлады astana.kz

Екі күн бойы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инвпекторлар 1-4 сынып оқушыларының, сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелердің ересектер топтарындағы тәрбиеленушілер арасында «Полицей дос әрі қорғаушы» тақырыбында әңгімелесулер, дәрістер мен тақырыптық ойындар өткізді. Жол қозғалысы жас инспекторларымен (ЖҚЖИ) бірге балаларға жолдардағы және қоғамдық орындардағы, сондай-ақ, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезіндегі тәртіптің негізгі ережелері түсіндірілді. Сабақ соңында полицейлер балалардың жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақаттануының алдын алу мақсатында 1-ші сынып оқушыларына түнгі уақытта көрінетін жарық шағылыстыратын 70 білезік табыстады.