Астанада мереке кезінде көшедегі сатушылар бірыңғай формаға көшеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бастамасымен Астананың 20 жылдығын тойлау кезінде көшпелі мерекелік сауда нысандарының сатушылары бірыңғай киім үлгісіне көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Бұл сатып алушыларға заңды немесе заңсыз саудамен айналысып жатқан саудагерлерді ажыратуға, сондай-ақ киім түсіне байланысты кәсіпкерлердің қандай қызмет түрін көрсетіп тұрғанын ажыратуға мүмкіндік береді.

Мысалы, аспаздық өнімдерді саудалайтын сатушылар ақ түсті формамен шығады, кофе сататындар - қоңыр, ал балмұздақ саудасындағылар көк түсті киім үлгісін киеді. 

Өткен жылдан бері «1000 орын - көше саудасы» бағдарламасына қатысушылар бірыңғай киім үлгісіне көшкен, осы жылы аймақтық ауылшаруашылық жәрмеңкесіне келушілер де бірыңғай киім үлгісіне көшеді.