Астанада мерекелік шаралар кезінде жолдардағы қозғалыс шектеледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында Қазақстан халықтары бірлігі - 1-Мамыр, Отан қорғаушылар күні - 7 мамыр мерекелеріне арналған салтанатты іс-шаралар өткізілу кезеңінде, қаладағы көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылады.

Бұл туралы Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы елорда тұрғындары мен қала қонақтарының қаперіне салады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

23 сәуір күні - Тәуелсіздік көшесі бойындағы «Қазақ елі» алаңына декорациялар мен сахналар орнатылуына байланысты, Байтұрсынов көшесі учаскесінен Нәжімеденов көшесіне дейін, яғни барлық жоспарланған мерекелік іс-шаралар аяқталғанша көлік құралдарының қозғалысы жабылатын болады.

1 мамыр күні таңғы сағат 7-ден бастап, мерекелік іс-шаралар аяқталғанша, мына автокөлік учаскелерінде:

- Тәуелсіздік даңғылы бойынша, Қошқарбаев көшесінен Шәмші Қалдаяқов көшесіне дейін; - Байтұрсынов көшесі бойынша Б.Момышұлы көшесінен Аманжолов көшесіне (бұрынғы Обаған көшесі) дейін; - Аманжолов көшесі бойынша Қошқарбаев көшесінен Нәжімеденов көшесіне дейін; - Шәмші Қалдаяқов көшесі бойынша Сығанақ - Орынбор көшесінің көлік торабынан Тәуелсіздік даңғылына дейін көлік құралдарының қозғалысы толығымен жабылатын болады.

2 мамырдан - 7 мамыр аралығында әскери техниканың қатысуымен әскери шеруге дайындық жаттығулары өткізілуіне байланысты, мына көше учаскелерінде:

- Тәуелсіздік даңғылы бойынша Мұңайтпасов көшесінен № 46 көшесіне (Хэлли Бэрри мектебі) дейін; - Сарайшық көшесі Түркістан көшесінен М - 1 көпіріне дейін; - Байтұрсынов көшесі Б.Момышұлы көшесінен Сарыкөл көшесіне дейін; - Қошқарбаев көшесі Б.Момышұлы көшесінен Сарыкөл көшесіне дейін; - Аманжолов көшесі Қошқарбаев көшесінен Нәжімеденов көшесіне дейін; - Сығанақ көшесі Түркістан көшесінен М - 3 көпіріне дейін; - Ш.Қалдаяқов М - 3 көпірінен Тәуелсіздік даңғылына дейін; - Тоқпанов көшесі Шарль де Голль көшесінен Б.Момышұлы көшесіне дейін көлік құралдары қозғалысына шектеу қойылатын болады.

Осыған байланысты, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы автокөлік иелеріне өздерінің қозғалыс бағыттарын және айналма жол бағыттары мен жеке автокөліктерін қоғамдық көліктерге айырбастай тұру жағдайларын ертерек және алдын ала жоспарлап алуларын өтінеді.

Мерекелік іс-шаралар өткізілу кезеңінде елордалық полицейлер күшейтілген тәртіпте қызмет атқаратын болады. Осыған орай, қоғамдық тәртіпті қорғау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы Астана қаласы ІІД жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің 2,5 мыңнан астамы жұмылдырылатын болады.