Астанада «Мерейлі отбасы» байқауына өтініштер қабылдау басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға өтініштер қабылдау басталды. Бұл туралы Есіл ауданы әкімінің аппаратынан хабарлады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.

Аталмыш байқау өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Байқауға еңбекте, спортта, сондай-ақ шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктерге қол жеткізген отбасылардың мүшелері қатыса алады. Шараны өткізудің мақсаты - отбасы, адамгершілік, рухани институтты нығайту, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігінің маңыздылығын көрсету, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балалардың еңбекке қабілетсіз және қарт ата-аналарына қамқорлығын кеңінен насихаттау, сондай-ақ, қазақстандық отбасының жағымды имиджін қалыптастыру болып табылады. Байқау үш кезеңмен өткізіледі, оның біріншісі - аудандық (қалалық), екіншісі - өңірлік, үшіншісі - ұлттық сипатта болмақ. Айта кетейік, байқаудың өткізілу қағидаларымен Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының ресми интернет ресурсында танысуға болады. Байқауға қатысуға ниет білдіргендердің құжаттары 2014 жылдың 17 сәуіріне дейін Астана қаласы Қабанбай батыр даңғылы 33 үй, 307 кабинет мекенжайы бойынша қабылданады.