Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға өтінімдер қабылданып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсына еңбек, спорт, шығармашылық, интеллектуалдық және ғылым салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген отбасылар қатысады. Ұлттық конкурсты дайындау және өткізу бойынша ұйымдастыру комиссиясы конкурсқа қатысуға өтінімдерді 30 сәуірге дейін қабылдайды.

«Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 Өкіміне сәйкес Қазақстанда жыл сайын өткізіледі. Байқау 3 кезеңнен тұрады: бірінші кезең - аудандық (қалалық); екінші кезең - облыстық; үшінші кезең - республикалық.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер тиісті құжаттар қоса тіркелген арнайы нысан бойынша аудандық әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдері мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасында қабылданады.

Айта кетейік, өтінімдерді қарау барысында комиссия өкілдері отбасы мүшелерінің жетістіктерінің маңыздылығы мен санына, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, рухани-адамгершілік құндылықтарға, арғы тектерін білуіне және т.б. назар аударатын болады.

Толық ақпаратты 556708, 556701 телефондары арқылы алуға болады.