Астанада мешітте телефон ұрлаған күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада мешітте телефонды қолды қылған ер адам анықталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Pexels

Астана қаласында полиция қызметкерлері мешіт аумағында телефон ұрлады деген күдікпен 36 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті мешітте түнеп жүрген.

— Сол сәтте келушілердің бірі намаз оқып жатқанын пайдаланып, еденде өзіне жақын жерде тұрған барсетканың ішінен iPhone 13 телефонын жасырын түрде ұрлап кеткен. Ұрлық жасағаннан кейін ол оқиға орнынан бой тасалаған. Бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің жеке басы анықталды, — делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ол елорда көшелерінің бірінде ұсталды. Ұрланған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция азаматтарға жеке мүліктің сақталуына мұқият қарауды және қоғамдық орындарда да бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Айта кетейік, Алматыда 50-ге жуық ұрлық жасаған алты қылмыстық топ ұсталды.