«Қалалықтардан Сембинов көшесі бойындағы мейрамханалардың бірінің банкет залы әкімшісінің үстінен 30 арыз түсті. Ол төлемақыны алдын ала толық төлейтін болса, оның кемитіндігін айтып клиенттерін алдаған. Қалған ақшаны қалтасына басып отырған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қолышбаева.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта күдікті ұсталып, тұтқынға алынған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 15 млн теңгеден асып жығылады.
Естеріңізге сала кетсек, 4 тамыз күні Қали Әубәкіров Фейсбукте «Porta Fortuna» мейрамханасы туралы қоғамдық қызу пікірталас тудырға жазба қалдырған болатын. Онда ол мейрамхана тарабынан алдауға ұшырағандығын жазған еді.
«Банкет өткізуге орын іздеу барысында «Porta Fortuna» (Астана, Сембинов к, 11/3 үй) мейрамханасына бардым. Кездесуге мекеменің әкімшісімін деген Сәбит есімді жас жігіт шықты. (...) 2017 жылдың 15 мамырында мен қалған соманың барлығын төлеп, кіріс кассасы ордерінің түбіртегін алдым. (...) Мұнан ары не болғанын елестетудің өзі қиын. Үйлену тойы өтуі тиіс мейрамхана холлында толық көлемде төлеген ақшамды әкімші Сәбиттің кассаға енгізбегендігін айтты. Сол жерде Сәбиттің іс-әрекетінен зардап шеккендердің шамамен 20 адам екендігін хабарлады. Мейрамхана қызметкерлері мен басшылығының мекеме ғимаратында мұндай жайттың орын алып жатқандығын байқамай қалуы мен үшін әлі де түсініксіз», - деп жазған еді ол.