Астанада микронесие алушылардың саны артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылғалы Астанада шағын кәсіпкерлікті микронесиелеуге 992 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, бүгінгі таңда жалпы 604,4 млн теңге сомасына 49 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде қызмет көрсету саласында - 18, көлік саласында - 2, сауда-саттықта - 15, өндірісте - 5, қоғамдық тамақтану саласында 5 жобаға қолдау көрсетілді.

«2017 жылы микронесиелеу шеңберінде 465,0  млн теңге сомасында 38 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде 22 жоба бастауыш кәсіпкерлер, кепілдік бойынша 22 жобаға 149,4 млн теңге сомасында кепілдік беріледі.  2018 жылы микронесиелеу шеңберінде 158,3 млн теңге сомасында 11 жоба қолдау көрді, оның 10 жобасы бастауыш кәсіпкерлер», - делінген Қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінде.

Атап өтілгендей, қазір екінші деңгейлі банктердің қарауында жалпы сомасы 172,4 млн теңге болатын 12 жоба жатыр. Сондай-ақ мақұлдау және бекіту кезеңінде тағы 10 жоба (165, 5 млн теңге сомасына) бар.

2017 жылы жұмыспен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданған болатын. Астана қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасында екінші бағыт іске асырылуда - ол халықты микронесиелеуге бағытталған, оқытудан өткен және бастауыш кәсіпкерлерге арналған, жаппай кәсіпкерлікті дамыту.  Бағдарламаның бір ғана қатысушысына берілетін қаржыландырудың максималды лимиті 8 мың айлық көрсеткіш.