Астанада мыңнан астам адам әскерге шақырылады
Қазақстанда азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Елордада мыңнан астам адамға шақыру жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2023 жылғы 28 желтоқсанға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 19 мыңнан астам ер азамат толықтырады. Солардың ішінде мыңнан астамы Астана қаласынан шақырылады.
«Өткен жылғы әскерге шақырумен салыстырғанда биыл Қарулы Күштерге және Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылатын жас буынның саны ұлғайтылды. 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда жоспарлы тәртіпте жас буынның саны 2 024 адамға ұлғайтылды. Мерзімді қызметке әскерге шақыру және оның белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару қолданыстағы заңға сәйкес ұйымдастырылып, жүргізіледі», - деді Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің бастығы Айдын Сағынбеков Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету жеке шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізіледі.