Астанада Молдова Елшілігі ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Молдова Елшілігі ашылатын болды. 2020 жылы Қазақстанның Кишиневтегі дипломатиялық өкілдігі өз жұмысын бастаған еді. Бүгін Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Михай Попшой ресми сапармен Астанаға келді. Бұл Молдованың Сыртқы істер министрі деңгейіндегі елімізге алғашқы сапары.
− Біз Кишиневтің елордамызда өз елшілігін ашу туралы тарихи шешімін жоғары бағалаймыз. Бұл қадам Молдованың Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін бастайды. Қазақстан Молдованы Шығыс Еуропадағы сенімді әрі ынтымақтастықты бірге дамытуға мүдделі серіктесі ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда президенттеріміз арасында тұрақты және конструктивті саяси диалог жолға қойылған. Біз Кишиневпен өзара тиімді және ұзақ мерзімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз, − деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БАҚ-қа мәлімдемесінде.
Қазақстан Молдованы Шығыс Еуропадағы сенімді әрі ынтымақтастықты дамытуға мүдделі серіктесі ретінде қарастырады. Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен мемлекет басшыларының сапарларын ұйымдастыруды талқылаған. Өткен жылы Бакуде мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды, өзара сапарлар ұйымдастыру жөніндегі келісімді іске асырудың қажеттілігі аталды. Министрлер биік деңгейдегі басқосудың сапалы күн тәртібін дайындау мақсатында тығыз байланыста болуға келісті.
− Қазақстан Молдова үшін Орталық Азия мен Қытай нарықтарына жол ашатын стратегиялық қақпа бола алады. Осы ретте, әріптесімді Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктерін пайдалануға шақырдым. Бұл тұрғыда, қазақ тарапы Молдоваға елімізде шығарылатын локомотивтерді, вагондарды, рельстерді және басқа да теміржол техникасын жеткізу көлемін ұлғайтуға мүдделі. Молдовалық Джурджулешті және отандық Құрық пен Ақтау қазақ порттары Орта дәліз бойындағы маңызды логистикалық хабтарға айналуы мүмкін, − деп толықтырды М. Нұртілеу.
Сондай-ақ, сауда-экономикалық қатынастар мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 75 пайызға өсіп, 66 миллион долларды құрады.
Дей тұрғанмен, экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында минитстрлер Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын және Қазақстан-Молдова іскерлік кеңесінің алғашқы басқосуын өткізуге ниет білдірді.
Екі ел инвестиция, логистика, энергетика, жаңа технологиялар және ауыл шаруашылығы салаларында нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Мұндай іс-әрекеттестіктің сәтті үлгісі ретінде Молдовадағы қазақстандық «Ромпетрол» және «Теміржол Жөндеу» компанияларының жұмыстарын атап өтуге болады. Оған қоса, молдовалық «JLC Сүт» кәсіпорнының Алматы және Жетісу облыстарындағы табысты жұмыс істеп тұр.
− Біз молдова және қазақстандық кәсіпкерлер арасында кездесулер мен бизнес-форумдар өткізуді талқыладық. Бұл кездесулер экономикалық байланыстарды нығайтып, жаңа ынтымақтастық жобаларды анықтауға сеп болады. Биыл Астанада Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен комиссияның кезекті отырысын өткізу бастамасын құптаймыз және бұл алаңда сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар, мәдениет пен білім беру секілді салаларда жүйелі, терең әрі нәтижеге бағытталған екіжақты қатынастарды нығайтуға үміттіміз. Экономикалық салада біз инвестициялар үшін заманауи әрі тартымды құқықтық негіз қалыптастырудың маңызын айттық. Бұл үшін инвестицияларды өзара қорғау және қосарлы салық салуды болдырмау жөнінде келістік, − деді Молдованың Сыртқы істер министрі Михай Попшой.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Молдова – бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайтын, халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарына берік елдер. Молдова Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құру туралы қарарына теңтұтас автор ретінде қатысты. Өз кезегінде Қазақстан Молдованың 2027–2029 жылдарғы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңеске сайлануға мүдделігін ескеріп, оның кандидатурасын қолдауға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, кеше Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Жиынға ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан министрлері келді.
Отырыс аясында Қазақстан мен Ресей СІМ басшылары жеке кездесу өткізді.