Бағдарламада Түркия қазақтарының күйлері шертіліп, әндері шырқалады.
Өнер кеші Астана қаласы мемлекеттік филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов.
Дирижер, Мәдениет қайраткері, сазгер Нұрлан Бекеновтің айтуынша, бұл күні Қазақ елі мен Түркияның достығын паш ететін, шетелдегі қазақтардың өнерін атажұртында көрсететін тамаша концерт болады. Концертте Қазақстанда орындалмаған жаңа туындылар астаналықтардың назарына ұсынылмақ. Соның ішінде Міржақып Дулатовтың күйі «Әуез», Мұстафа Өзтүріктің сөзіне жазылған Ғани Макиннің «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты әні және тағы басқа күйлер бар.
Осы шараға қонақ ретінде Астана қаласындағы Жүніс Әміре Түрік мәдени орталығының төрағасы Ибрахим Йылдырым, Түркиядағы қазақ қоғамының жетекшісі Фазыл Топлы қатысады. Мирмар-Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара кіріспе сөз сөйлеп, Түркиядағы бауырлардың сәлемін жеткізеді.
Осы концертте Түркиядағы қазақ қоғамының мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бешір Ахмет Көсе, сондай-ақ өнер иелері Седат Солақұлы, Ержан Тұнжер сахнаға шығады.
Сонымен қатар отандастарымыз ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, домбырашы Орынбай Дүйсен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раушан Мұсақожаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлзира Бөкейхан көрермендерге ән мен күйден шашу шашады.
Шетелдегі бауырлардың сәлемін жеткізген концертте танымал әншілер Нұрай Танабаев, Зағипа Иманғазы, Күнсұлу Тұрлыбекова, Самат Жексенбаев және т.б.өнер шеберлері қатысады деп жоспарланған.