Астанада мұз астына құлаған баланы кездейсоқ адам құтқарып қалды

Әлеуметтік желіде Астанада мұз астына құлаған жасөспірімді құтқару туралы видео пайда болды. Бала Ақ бұлақ өзеніне батып кете жаздаған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті

Қалалық интернет-парақша 2006 жылы туған баланың құтқарылғаны туралы бейнеролик жариялады.

«Кездейсоқ өткен адамдардың, әсіресе осы жігіттің арқасында бәрі жақсы аяқталды. Ол ойланбастан арқанды өзіне байлап, құтқаруға көмектесті. Баланың мұз астына қалай түскені белгісіз, куәгерлердің айтуынша, телефонмен сөйлесіп, мұз үстінде жүрген», - деп жазылған парақшада.

Қалалық ТЖ департаменті Байқоңыр ауданында Амман көшесі бойындағы Ақбұлақ өзенінде болған оқиғаны растады.

«Құтқарушылар келгенше суға батқан жасөспірімді кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам құтқарды. Ол жасөспірімді судан жағаға шығарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырған, онда балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта жасөспірім №2 балалар ауруханасында жатыр. Бақытымызға орай, ол құтқарылды, бірақ қайғылы жағдайдан ешкім қорғалмаған», - деп хабарлады департамент.

Сонымен бірге, департамент қараша мен желтоқсан айларында күзгі мұздың қауіпті болатынын да ескертті.

«Құрметті тұрғындар, өз қауіпсіздігіңіз үшін жұқа мұзға шығуға тыйым салынғанын ұмытпаңыз. Мұзда балық аулауды ұнататындар міндетті түрде құтқару кеудешесін киюі керек. Қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болатын мұз адамдарға қауіпсіз болып саналады. Су тез ағатын жерлерде, ағынды суларда, сондай-ақ су өсімдіктері өсетін жерлерде, ағаштар мен қамыстың жанында мұз өте әлсіз болады. Егер ауа температурасы 0 градустан жоғары болса, бұл ауа райы үш күннен артық сақталса, мұз беріктігі 25% төмендейді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыз» - делінген хабарламада.