Астанада мұз қалашықтары қай жерде салынады
Бұл жайында ҚазАқпараттың ресми сауалына орай Астана қаласының мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасынан хабарлады.
Жалпы, қала аумағында 7 мұз қалашығы, 11 мұз айдыны, 37 шырша қондырғысы болады. Басты мұз қалашығы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы аумағында орнатылады. «Хан Шатыр» және қала әкімдігі алдындағы мұз қалашықтары 19 желтоқсанда, «Студенттер» саябағы аумағындағы мұз қалашығы мен мұз айдыны, Есіл өзені жағалауындағы мұз айдыны 25 желтоқсанда ашылады.
Айта кетерлігі, мұз қалашықтары халық көп жиналатын әрі зор сұранысқа ие орындардың бірі саналады. Осыған орай ағымдағы жылы «Хан Шатыр» аумағындағы мұз айдынының аумағын 800 шаршы метрге дейін, қала әкімдігі алдындағы айдын 580 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, Есіл өзенінде қосымша тағы біреуі салынады.
Мұнан бөлек, елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін «Хан Шатыр» жанындағы мұз қалашығында ең биік сырғанау төбесі салынады. Оның екеуінің биіктігі 5,5 метрден болмақ. Сонымен қатар 4 орташа, 5 шағын төбешік сырғанауға арналады. «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы «Студенттер» саябағында 5 жолақты бір үлкен, 2 жолақты екі орташа және 2 шағын төбешік болады.
Демалыс және мереке күндері аталған мұз қалашықтарында келушілерге арналған түрлі көңіл көтеру бағдарламалары ұсынылады.