Ұйымдастырушылар заманауи қыз қууды осылайша халық назарына ұсынып, дәстүр жаңғыртқысы келгенін айтады.
— Бүгінгі шараның ерекше сәті — мұз үстінде дәстүрлі қазақ ойыны — қыз қуу болды. Бұл ойынның дәстүрімізде терең тамыры бар әрі оны заманауи жағдайларға сай етіп, мұз үстінде өткізу арқылы жас ұрпаққа ұлттық мәдениетімізді танытуды мақсат еттік. Біз үшін бұл шараның маңызы өте зор, себебі Наурыз мейрамы — жаңарудың, жаңа бастамалардың белгісі. Осы ерекше сәтті жастарға ұсыну арқылы ұлттық спортты жаңғыртып, жастарымыздың денсаулығын нығайтуға атсалысып отырмыз. Сондай-ақ, бұрын-соңды конкимен мұз үстінде ұлттық киім киген қыз-жігіттеріміз мұндай ойын көрсеткен емес, — деп атап өтті әдіскер Данияр Қалиев.
Аталған мектептің өзі қысқы спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Ал наурызнама аясында ұйымдастырылған іс-шаралар қатарында асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ қатарлы бірқанша қазақтың спорттың жарыстары көрсетілді.
Бұған дейін хабарланғандай, Павлодарда қамшы өру өнері жаңғырды.