Астанада мыңнан астам пәтер апатты үйлердегі тұрғындарға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мыңнан астам пәтер апатты үйлердегі тұрғындарға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл ауданы 189 мың шаршы метрді құрайтын 3 284 пәтерді тапсыру жоспарланған. Соның ішінде апатты үйлердің иелерін көшіру мақсатында 10,2 млрд. теңгеге жалпы ауданы 57,7 мың шаршы метр болатын 1 169 пәтерді коммуналдық меншікке ақысыз негізде беру жоспарланған», - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауданы 141,2 мың шаршы метр болатын 1 849 пәтерге есептелген 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тапсырылған үйлерді жалпы ауданының 54 мың шаршы метр болатын 1 049 пәтер апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін коммуналдық меншікке ақысыз негізде беріледі.

«Елорда даму» ЖШС қала әкімдігінің бөлімшелерімен бірлесіп, 2016 жылдан бері апатты жағдайдағы үйлерді бұзу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда. «Елорда даму» ЖШС пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 5 204 пәтерден тұратын жалпы ауданы 375 мың шаршы метр 44 тұрғын үйді пайдалануға тапсырды, оның ішінде жалпы құны 12,6 млрд. теңгені құрайтын 1 638 пәтер ақысыз негізде коммуналдық меншікке беріледі және қайта инвестициялауға 27 млрд. теңге бағытталады.