Астанада «Н.А.Назарбаев - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» атты дәріс өтті

АНА. 22 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында қаладағы мектеп оқушыларына арналған «Н.А.Назарбаев - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» атты сабақ өткізілді.

Дәрісті елордадағы №52 мектеп және Ақмола облысының Қараөткел ауылының №6 орта мектебінің оқушылары мен педагогтары ұйымдастырды. Оқушылар әдеттегі мектеп дәрісінен өзгерек, Н. Назарбаевтің балалық және жасөспірім шағынан театрландырылған көріністер қою арқылы Елбасының өмірін, Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын танып білді.

Елорда жеткіншектері сабақ бағдарламасына мұражайдың педагогика орталығының қызметкерлері елдің Тұңғыш Президентінің туған өңіріне жасаған ғылыми-зерттеу саяхатының барысында жинақталған материалдар мен Мемлекет басшысының туған-туыстарының, сыныптастарының, ауылдастарының аузынан алынған естеліктерін қолданған.

Мекеме директорының орынбасары Ботакөз Қайыпованың айтуынша, мұражай сабағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған шаралардың аясында ұйымдастырылды.

«Сабақ арқылы жас жеткіншектер жаңа кезеңнің қалыптасуында, еліміздің тарихында маңызды рөл атқарған бірден бір тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтің жеке өмірімен, оның отбасы, достары, жора-жолдастары арасындағы қарым-қатынасы туралы біле алды. Сонымен қатар олар көрініске өздерінің жас ерекшеліктеріне сай эмоционалды өң беруге тырысты», дейді мұражай басшысының орынбасары Б. Қайыпова.