Астанада Н. Назарбаев туралы «Бітімгер» атты жаңа кітап таныстырылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Украина дағдарысын реттеуде сіңірген еңбегі туралы «Бітімгер» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Кітапқа Мемлекет басшысының Майданда болған оқиғаларынан бастап, ақпандағы Минискіде өткен «норманд төрттігінің» кездесуіне дейінгі маңызды оқиғалар қамтылған.

Кітап авторы - белгілі қазақстандық дипломат, ҚР Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжанов. Ол Н. Назарбаевтың Украинадағы дағдарысты реттеу барысында Франция, Германия, Ресей, АҚШ, Италия, Швейцария, Беларусь және Украина басшыларымен кездесулеріне бастан-аяқ қатысып, келіссөздер барысын жіті қадағалаған маман.

«Украина дағдарысы Қазақстанды да бей-жай қалдырған жоқ. Өйткені біз бұрыннан бері Ресей және Украина халқымен тығыз байланыстамыз. Біздің елімізде украиндар мен орыстар өте көп. Сондықтан бұл дағдарыс Мемлекет басшысын да қатты толғандырды. Ол дағдарыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ бейбітшілік пен татулық орнатудың жолдарын қарастырды», - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

«Барлық тараптардың жасап жатқан жұмыстары мен келіссөздеріне қарамастан, өкінішке қарай, қазіргі күннің өзінде Украинаның оңтүстік-шығысында қақтығыстар орын алып жатыр, жағдайдың ушығып кетуі қаупі әлі де сақталып отыр. Бұдан байқайтынымыз - жекелеген адамдардың қателігі бүтіндей бір халықтардың трагедиясына алып келетіні. Қаншама адамдар құрбан болды. Сондай оқиғалардан кейін бейбітшілік пен тыныштыққа қайтадан қол жеткізу өте қиын болады. Сондықтан осы кітап дәл қазір жарыққа шығып отыр», - деді кітап авторы Н. Онжанов.

Оның ойынша, кітаптағы фактілер мен нақты детальдар, Украина дағдарысына жасалған сыртқы көзқарас осы жағдайдан шығар жол іздеу процесіне аз да болса септігін тигізіп, мәселені жаңа қырынан қарастыруға негіз болуы мүмкін.

«Мемлекет басшысының қасында жүріп ол кісінің осы мәселені шешу жолдарын талмай іздеп, қыруар қажыр-қайратын жұмсағанын өз көзіммен көрдім. Бұл кітапта соның барлығы егжей-тегжейлі баяндалады», - дейді автор.

Айта кетейік, кітап 5 бөлімнен тұрады, оның әрқайсысында түрлі уақыт аралығындағы оқиғалар баяндалады. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.