Астанада Н. Төреқұловқа ескерткіш ашу мәселесі шешімін таппай отыр - Қ. Айтаханов

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Астанада Н. Төреқұловқа ескерткіш ашылса игі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Кеңестер одағының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Өкілетті өкілі - Нәзір Төреқұловтың туғанына 120 жыл, жазықсыз құрбан болғанына 75 жыл толады. Бұған орай, 2007 жылы Нәзір Төреқұловтың 115 жылдығы қарсаңында, оның есімін ел жадында мәңгі қалдыру мақсатында бірқатар іс-шараларды атқаруды өтініп депутаттық сауал жолдағанын еске алған Қуаныш Айтаханұлы, бірқатар ұсыныстар іске асырылғанын жеткізді.

Атап айтқанда, Н.Төреқұловтың ұлттық тарихымыздағы әділ орны белгіленген. Мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровтың «Елші Нәзір Төреқұлұлының Арабия дастаны» атты бес томдық кітабы шығып, зиялының еңбек-жазбалары жинақталып, өмірбаяны зерттеліп, барша халқымызға жария етілді, деректі фильмдер түсірілген. Үкімет қаулысымен Нәзір Төреқұловтың атындағы «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» медалі бекітілді.

«Дегенмен, Білім және ғылым министрлігіне Мемлекеттік қызмет агенттігімен бірге Н.Төреқұлов атындағы арнаулы стипендия тағайындау мүмкіндігін қарастыру, Н.Төреқұловқа ескерткіш қою және белгілі дипломаттың есімін Алматы мен Астана қалаларында мектептерге беру мәселесі арада 5 жылға жуық уақыт өтсе де шешімін таппай отыр. Тәуелсіздік туын көтерген еліміз үшін ардақты азаматтарымыздың есімін құрметтеу біз үшін парыз. Сондықтан, үстіміздегі жылы Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының 20 жылдығына және қазақтың тұңғыш дипломаты НәзірТөреқұловтың 120 жылдығына орай Астана қаласында Нәзір Төреқұловқа ескерткіш   орнатылса игі. Бұдан бөлек,  Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясындағы Дипломатия институтына Н.Төреқұловтың есімін беріп, үздік магистранттарға Нәзір Төреқұловтың атындағы стипендия тағайындау, Астана және Алматы қалаларында мектептерге Нәзір Төреқұловтың  есімін беру мәселелері шешілсе екен», - дейді депутат.