Астанада нанотехнологиялар негізінде жасалған бірегей сауықтыру өнімі таныстырылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Конгресс Холл» сарайында өтіп жатқан «Күзгі сыйлық» көрме-жәрмеңкесінде малайзиялық «Nano Patch BHD SDN» компаниясының қазақстандық өкілдігі нанотехнологиялар негізінде жасалған бірегей сауықтыру өнімін таныстырды.

«Біздің негізгі өніміміз - «Nano Patch plus» пластырінің басты ерекшелігі оның асқазан-ішек жолдарын айналып өтіп, дәрумендер мен минералдарды тура қанға апаратындығында. Бұл тұрғыда адам денсаулығы жасуша деңгейінде қалпына келеді», - деп атап өтті «Nano Patch plus» өкілі Айна Нысанбаева.

Оның айтуынша, дәстүрлі бұлшықетке және тамырға егілетін екпелерден қарағанда, пластырь тәулік бойы қызмет етіп, пайдалы заттарды адам ағзасына үздіксіз жеткізіп тұрады. Аталған заттармен қатар компания энергетикалық бойтұмарлар мен косметикаларды да шығарады. Ал компанияның барлық дәрілік препараттары АҚШ-та, Жапония мен Францияда жасалады.

Айта кетейік, АҚШ нанотехнологиялар бойынша әлемдік нарықта бірінші орында (27%) тұр, одан кейінгі орында Жапония (24%), Германия, Ұлыбритания және Франция (25%). Қалған 24%-ды Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, канада және Австралия сынды елдер бөлісіп алады.

Қазақстанда да нанотехнология саласында зерттеулер жүргізілуде. Оларды ҚР Ұлттық ғылым академиясы бақылайды.