Астанада нәрестесін қоқыс жәшігіне тастаған кәмелеттік жасқа толмаған қыз сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ауданаралық кәмелет жасына толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотының үкімімен нәрестесін қоқыс жәшігіне тастап кеткен жас қыз сотталды. Бұл туралы Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасы хабарлады.

Прокуратураның жазуынша, 2013 жылдың тамыз айында кәмелеттік жасқа толмаған, 1998 жылы туылған Атырау облысының тумасы, азаматша Р. Астана қаласында орналасқан колледждердің біріне оқуға түседі.

2014 жылдың сәуір айының 9-нан 10-на қараған түні, сағат шамамен 02:00 уақытта азаматша Р. жалдамалы пәтердің жуынатын бөлмесінде ешкімнің көмегінсіз өзі босанып, дені сау қыз баланы дүниеге әкеледі. Сосын нәрестені көк түсті полэтилен пакетке салып, ауа райының салқындығына қарамастан, өзі тұрып жатқан тұрғын үй ауласындағы қоқыс жәшігіне тастаған.

Алайда сағат 03:00 шамасында сол маңнан өтіп бара жатқан ерлі-зайыпты азаматтар қоқыс жәшігінің ішінен нәрестенің жылаған дауысын естіп қалады. Олар дереу баланы үйлеріне апарып, жедел медициналық жәрдем, полиция қызметкерлерін шақырады. Осылайша сәби Астана қаласында орналасқан №1 балалар ауруханасына жеткізілген. Аурухана қызметкерлері сәбиге баланы тауып алған жұбайлардың тегін берді.

Аталған дерек бойынша қозғалған қылмыстық іс Астана қаласы Алматы аудандық прокуратурасымен бақылауға алынып, негізінен қарау үшін ағымдағы жылдың қыркүйек айында сотқа жолданған.

Қазанның 8-інде Астана қаласының ауданаралық кәмелет жасына толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотының үкімімен азаматша Р. ҚР ҚК-нің 119-бабының 1-бөлімімен айыпты деп танылып, баланың өміріне қауіп төнбегені және қылмыскердің кәмелетке толмағаны ескеріле отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.