Іс-шараның басты мақсаты – шегілмейтін темекі өнімдерін пайдаланудың зияны туралы түсіндірме әңгіме жүргізу.
Рейд барысында 200-ден астам нысан назарға алынған. Нәтижесінде 64 факті анықталды, оның ішінде:
- 42 шегілмейтін темекі өнімдерін (насыбай) өткізу фактісі. Барлық фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолданумен әкімшілік хаттамалар толтырылды;
- Мекемелерде темекі өнімдерін (кальян) тұтынудың 21 фактісі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар түзіліп, 15 АЕК сомасында айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды;
- жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатудың 1 фактісі тіркелді. ҚР ӘҚБтК-нің 423-1 бабы бойынша 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолдану арқылы әкімшілік хаттама толтырылды.
Тәркіленген шегілмейтін темекі өнімдері жойылды.
Сондай-ақ, рейд барысында шағын және орта бизнес субъектілерімен шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың алдын алу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Жыл басынан бері темекі өнімдерін, оның ішінде кальянды тұтынудың 270 фактісі анықталғанын атап өткен жөн. Бір ғана мамыр айында 42 факт тіркелген.
Жалпы, насыбайды сатудан бөлек, оны қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынғанын біреу білсе, бірі білмес. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, пойыз, ұшақ, әуежай, вокзал мен аялдамаларда тұтынуға болмайды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, жұмыс орны, тұрғын үйдің кіреберісі, жанармай құю бекеті, балалар алаңы мен кәмелетке толмаған балалардың көзінше автокөлікте пайдалануға тыйым салынған. Аталған жерлерде тұтынған адамға 15 АЕК-ке, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Мемлекет басшысы Атырауда өткен құрылтайда:
«Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Біздің азаматтар аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды», - деген еді.