деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н.Ораздың айтуынша, алдағы мерекелік демалыс күндері көшедегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2 мыңнан астам тәртіп сақшысы мен 165 көлік жұмылдырылатын болады.
«Ал наурыздың 16-18 күндері аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Шараның басты мақсаты - наурыз мейрамы қарсаңында қоғамдық орындар мен көшелердегі, сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын жерлерде қылмыстың алдын алу және ескерту. Түнгі уақытта криминалдық полиция қызметкерлері жеке жоспар бойынша жұмыстар жүргізеді», - деп атап өтті ол.
Оның сөзіне қарағанда, іс-шара шеңберінде бұрын жасалған қылмыстардың бетін ашуға, іздеу жарияланған қылмыскелерді іздеп-табуға, суық қарулары бар азаматтарды мекен-жай бойынша тексеріп, заңсыз сақталып келген қарулар мен жарылғыш заттарды тәркілеуге, сондай-ақ қаңғыбастық пен қайыршылыққа салынғандарға ерекше назар аударылатын болады.
Сонымен қатар, елордалық полицейлер мерекелік шаралар өтетін алаңдарға жақын орналасқан көпқабатты үйлер мен құрылыстарды аралап, мекен-жайы жоқ азаматтарды анықтау мақсатында жерасты кәріздерін тексермек.
Биыл Наурыз тойын көпшілікпен атап өту орны ретінде «Хан шатыр» ойын-сауық орталығына қарама-қарсы саябақ белгіленіп отырғандықтан, бұл аумақ полицейлердің ерекше назарына алынады.