Астанада Наурыз мейрамы күні бірқатар автожолдарда қозғалыс шектеледі

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада Наурыз мейрамы атап өтілетін күні бірқатар автожолдарда қозғалыс шектеледі. Бұл туралы қалалық Жол полициясы басқармасынан хабарлады.

ЖПБ бастығы Бақытгелді Айқымбековтың айтуынша, 22 наурыз күні жол қозғалысы қауіпсіздігі шаралары күшейтілетін болады. «Мейрам атап өтілетін уақытта жол полицейлеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. ЖПБ инспекторлары қозғалысты кептелістер болмайтындай етіп ұйымдастыруы керек», - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, 22 наурыз күні «Қазақ елі» монументінің алдына 23 мыңға жуық халық жиналады.

Осы күні таңертеңгі сағат 8-ден мерекелік шаралар толығымен аяқталғанға дейін көлік құралдары үшін мына көшелер жабық болады: Р.Қошқарбаев көшесінен бастап (Сарайшық к-сі) Ж.Нәжімеден (№42 көше) көшесіне дейінгі - Тәуелсіздік көшесі; Б.Момышұлы көшесінен бастап №39-шы көшеге дейінгі - Байтұрсынов көшесі; М1 көпірінен №39-шы көшеге дейінгі - Сарайшық көшесі; М3 көпірінен №39-шы көшеге дейінгі Сығанақ көшесі.

Жол полициясы басқармасы мерекелік шаралар өту барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына Орынбор көшесі арқылы айналма жолды пайдалануға кеңес берді. Сондай-ақ, «Қазақ елі» монументінің алдында автотұрақта орынның аздығына байланысты және көлік кептелістерінің алдын алу мақсатында, меймандарға алаңға қоғамдық көлікпен жету ұсынысы жасалды.

Мереке күндері елорда жолдарындағы жол қауіпсіздігін барлығы 400-ге жуық полицей қамтамасыз ететін болады.