Астана әкімдігінің мәліметіне қарағанда, 2012 жылғы 19-22 наурыз аралығында Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу кезінде Астанада бірқатар жолдар жабылады. Бұл шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылып отыр, деп түсіндірді Астана қаласының ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Бақыт Малыбаев.
«22 наурыз күні «Қазақ елі» монументінің алдына көп халық жиналады. ЖПБ инспекторлары қозғалысты кептелістер болмайтындай етіп ұйымдастыруы керек», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, осы күні таңертеңгі сағат 8-ден мерекелік шаралар толығымен аяқталғанға дейін көлік құралдары үшін мына көшелер жабық болады:
- Р.Қошқарбаев көшесінен бастап (Сарайшық к-сі) Ж.Нәжімеденов (№42 көше) көшесіне дейінгі - Тәуелсіздік көшесі;
- Б.Момышұлы көшесінен бастап Обаған көшесіне дейінгі - Байтұрсынов көшесі;
- М1 көпірінен Обаған көшесіне дейінгі - Сарайшық көшесі;
- М3 көпірінен Обаған көшесіне дейінгі Сығанақ көшесі.
Мерекелік шаралар өту барысында елорда тұрғындары мен қонақтары Орынбор көшесі арқылы айналма жолды пайдаланғаны жөн.
«Көлік кептелістерінің алдын алу мақсатында және «Қазақ елі» монументінің алдында автотұрақта орынның аздығына байланысты меймандарға алаңға қоғамдық көлікпен жетуді ұсынамыз», - деді Б. Малыбаев.
Үстіміздегі жылғы 19-21 наурыз күндері қоғамдық көлік бағыттары (№ 4, 14, 21) Обаған көшесімен (Тәуелсіздік Сарайының артында) жүріп отырады.
«Қазақ елі» монументі алаңына келуді жоспарлап отырған тұрғындар үшін 22 наурызда күнделікті осы бағытпен жүретін №№ 3, 4, 14, 21, 32, 35, 40 және 46 қоғамдық көлік бағыттары төмендегідей өзгереді:
№ 32, 35, 40 және 46 автобустар Сарайшық көшесі - М-1 көпірі -
Момышұлы даңғылы, одан әрі - қазіргі қозғалыс кестесі бойынша жүреді.
№ 3, 4, 14 автобустар - Тәуелсіздік даңғылы - Момышұлы даңғылы -
Мирзоян көшесі «Қараөткел» соңғы аялдамасына дейін.
№ 21 автобус - М-3 көпірі - Қалдаяқов көшесі - Қалдаяқов көшесі-Нәжімеденов көшесі қиылысында бұрылады және кері қарай.
Мереке күндері елорда жолдарындағы жол қауіпсіздігін барлығы 400-ге жуық полицей қамтамасыз ететін болады.