3-5 қараша күндері Астанада өтетін бұл айтулы чемпионатта әлемнің 26 елінен келген 69 команда бақ сынайды. Қазақстан Республикасы атынан Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтау қалаларынан келген 8 команда қатысуда. Сондай-ақ, негізгі турнир аясында «Хамса» халықаралық зияткерлік ойынының алғашқы Ұлттар кубогы өтіп жатыр. Осылайша, турнирге жалпы саны 650 білгір жиналды.
Чемпионаттың ресми ашылуында сөз сөйлеген АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстандағы адами капитал мен зияткерліктің дамуына жүйелі түрде қолдау білдіріп келе жатқанын атап өтті.
«Кез келген мемлекет адами капиталдың дамуына қолдау білдіреді. Адами капитал мен оның дамуы - Мемлекет басшысы бекіткен АХҚО стратегиясының маңызды бағыты. Қазақстанда дәл осындай шаралардың өтіп жатқаны қуантады және біздің еліміздің «Не? Қайда? Қашан?» ойынының споттық күнтізбесінде нық орнығарына үміттенеміз», - деді Қ.Келімбетов.
Сайыстар «Не? Қайда? Қашан?» ойының магистрі және Клубтардың халықаралық қауымдастығының президенті Андрей Козловтың және Александр Друзь, Максим Поташев, Балаш Қасымов, Владимир Антохин, Елизавета Овдеенко, Александр Рубин сынды «Не? Қайда? Қашан?» жұлдыздарының қатысуымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, Астанаға ЧГК Еуразиялық лигасының төрағасы Азизбек Юсуфов (Өзбекстан), «Хамса» халықаралық ойынының авторлары мен негізін салушы Фаик Гусейнов (Әзербайжан) келді.
«Не? Қайда? Қашан?» телеойыны КСРО-да режиссер Владимир Ворошилов пен редактор Наталья Стеценконың идеясымен құрылған. Бағдарламаның алғашқы шығарылымы 1975 жылдың 4 қыркүйегінде эфирден көрсетілген.
Спорттық «Не? Қайда? Қашан?» - телевизиялық ойынның сайыстық нұсқасы. Мұнда арнайы командалар құрылып, жеңімпаз топты дұрыс жауап санымен анықтайды.
«Хамса» - 2011 жылы «Не? Қайда? Қашан?» ойынының әлем біріншілігінде таныстырылған командалық зияткерлік ойын. Ойын ережесіне сәйкес «Хамса» бес санының айналасында құрылған: командада 5 ойыншы болады және барлық ойын 5 раундтан құралады.